Биыл «Үздік мектеп» аталымында №3 мектеп-гимназиясы жеңімпаз атанды. Ал «Үздік мектеп алды даярлық ұйымы» — №37 «Арман» балабақшасы; «Үздік қосымша білім беру мекемесі — Балалар көркемсурет мектебі; «Үздік колледж» — Гуманитарлық колледж; «Үздік арнайы білім беру мекемесі» аталымымен №1 психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеті марапатталды.
Салтанатты шара «Ел болашағы – білімде» атты мерекелік концертке ұласты. Жылдағы дәстүрге сай бірнеше аталым бойынша Астана әкімінің гранты тапсырылды.
«Әр адамның өмірінде мектепте он бір жыл бойы білім нәрімен сусындатқан ұстаздардың алатын орны ерекше. Сіздер Астананың, жалпы Қазақстанның дамуына, ұрпақ тәрбиесіне үлкен үлес қосып келе жатырсыздар. Қала әкімдігі де жыл сайын білім беру ұйымдарын қаржыландыруды ұлғайтып келеді. Мәселен, биыл былтырғыға қарағанда, әр мектептің бюджеті екі есеге өсті. Мектептер робототехника сияқты жаңа заман технологияларымен жарақтандырылуда. Келесі жылдың аяғына дейін барлық орта білім беру орны «смарт мектепке» айналады. Әр сыныпқа Wi-Fi жүйесі тартылады» деді ұстаздарды Астана әкімінің атынан құттықтап, грант тапсырған қала басшысының орынбасары Малика Бектұрова.
ҚР Білім және ғылым министрлігі балалардың құқықтарын қорғау комитеті басшысының міндетін атқарушы Ерсайын Ержан ұстаздарды сала министрі атынан құттықтап, бір топ мұғалімге «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері» және «Ы. Алтынсарин» төсбелгілерін тапсырды.
Сонымен қатар Назарбаев Зияткерлік мектептерінің тәжірибесін және жаңартылған білім беру мазмұнын, халықаралық білім беру стандарттарын енгізуде ауқымды жұмыс жүргізген 19 елордалық мектеп марапатталды.